Казах.ру
поиск по сайту и Казнету
rus / eng / kaz
Форумы
На русском языке
Қазақша сөйлесу


Словарь-переводчик

Введите русское или казахское слово. Для ввода казахских символов нажмите цифры:
Ә2, I3, Ң 4, Ғ5, Ү8, Ұ 9, Қ0, Ө-, һ+


полная версия










Общение

Реклама: Новый телеграм-канал для деловых людей > Траблшутинг
Общение: Список форумов
Форум: Оралман ағайындар
Тақырып: Жаңа жырлар топтамы


Авторы Xабарлама
Полатбек Жанбаев
Zhanbaev_Polatbek@mail.ru
01-07-15 11:38
ӨЛЕҢ ЖАЙЫ

Жырыңды ой-күбіден май қылып піс,
Ақын да батыр болмас бай құлықсыз.
Шабыттың шаңқай түсі көтерілмей,
«Тумайды өлең деген қайшылықсыз».

Ысылмай ешбір ақын бақ таба алмас,
Тұшымды ой айтпаса мақтана алмас.
«Өлеңнің естісі бар, есері бар»,
Жазуға тұстарымен ноқталанбас.

Айтуға барлық ойың симайды айқын,
Келмейді бар сырымды сипай салғым.
Бұл өлең еріккенге ермек емес,
Қол боста жатып алып шимайлайтын.

Ақын ба үздікпін деп санасатын,
Жүлде үшін болмағанмын таласатын.
Өлеңді ылғи мақтау жараспайды,
Сынау да керек келсе шама-шарқың.

Жыр-жайын болғанымен дарияда бар,
Шабытқа құмар жас пен қария да бар.
Өлеңге әуестерді өсек қарпып,
Бар сыры жазғанымен жарияланар.
15.05.2015

БАҚҚА КЕЛ
Мақтаусүйер өзін жұртқа мақта дер,
Ақын болсаң әділетті жақтап өл.
Жырақ кетіп мазасыз топ ішінен,
Жыр жазайық көсіліп бір, баққа кел.

Болмасақ та дүйім топтан қуылған,
Жырақта жыр ғажап болар туылған.
Ұрпақтарға ақша емес бізден бір,
Өлең қалсын буат-буат буылған.

Сым арқандай тартылайық есіліп,
Құрып кетсін қалған күндер кешігіп.
Келе бермес ыңғайлы да мұндай шақ,
Аспандасын шабытымыз көсіліп.

Шындықты айтсаң, ол да дұрыс шыдамай,
Жыр-балапан көркем болсын - құралай.
Баққа келсек өлең туар шынайы,
Өлмейтұғын Абай жазған мұрадай.

Қайсы бағым демей-ақ қой қарқ қылар,
Алдан күтіп тайсақтатпас шарт тұрар.
Жасыл бақтың жұпарының өзі-ақ,
Өлең жазу дарыныңды арттырар.

Жаның жарық, емес көңіл қараңғы,
Жиып қойып басқа тірлік, алаңды.
Қарап қалу ақын жанға жараспас,
Сермейтұғын келсе кезек қаламды.
21.05.2015
АУЫЛҒА КЕТІП ҚАЛАЙЫҚ
Балалық ойға қанайық,
От болып қайта жанайық.
Басқаның бәрін жиып сол,
Ауылға кетіп қалайық.

Санамақ ойын санайық,
Бала болуды қалайық.
Ауылға кетсем бала боп,
Таңырқай көрме, қалайық.

Күн болып қайта туайық,
Күнәміз болса жуайық.
Жалаңаяқтап шағылда,
Із тастап ойын қуайық.

Тірліктің бәрін қамайық,
Көрінсін мейлі сан айып.
Бір сілтеп қолды бәріне,
Ауылға кетіп қалайық.

Жараны жазып жамайық,
Толысқан айдай толайық.
Ауылдан көріп қызықты,
Бастысы бала болайық.

Жалдардан төмен түсейік,
Кеурек жеп кетсек күшейіп.
Түйеге мініп желдіртіп,
Айран мен шұбат ішейік.

Күніңді ыстық демейік,
Кәренейіңді терейік.
Сексеуілдерді паналап,
Жусанын иіскеп келейік.

Аз болып кетіп, көбейіп,
Қисайған жерін демейік.
Бастысы, достым, алаңсыз,
Ауылды көріп келейік.
8.06.2015
ТАҒЫ ДА АУЫЛ

Қарияға, ием, ұрпаққа деген тілеу бер,
Азамат болғын халқыңа қалқан тіреу дер.
Ауылға барсаң сағынышыңды ала бар,
Онсызда сені қаңғырып келген біреу дер.

Жамауын жамап, тілеуін тіле ұлтыңның,
Жолында елдің ғұмырың мейлі қырқылсын.
Ауылға барсаң барынша кең аш құшақты,
Сиятын болсын баурыңа бәрі жұртыңның.

Бақ үшін басты қорғаштай қалып байланба,
Ұрпағың үшін таныла білсең майданда.
Қазақтығыңмен өзгеге таныт атыңды,
Тегіңнің тегін еместігімен жайраңда.

Бола ма адам тірлікте дамып, үдемей,
Үлесің болсын еліңе қосар сүбедей.
Бабаңнан қалған ерліктің жолын өшірме,
Қу күнің үшін дүниені күйттеп жүдемей.

Ойламсыз жерде тоқырап қалар ми қурап,
Алғанда жастық мастығыменен сиқырлап.
Қазақы иісің сезіліп тұрсын сондада,
Өзгенің дәмін күйіттеп кетпей қиқулап.

Ақ болсын пейіл кіршіксіз түстей бөздегі,
Сағынып тоссын алдыңнан шығып боз дөңі.
Ауылға барсаң далаға перзент менмін де,
Онсызда сені сүйелдей көрер көздегі.

Арман мен қиял алдыға сені оздырсын,
Сағыныш дертін шер болып қатқан қоздырсын.
Тайлақ боп сосын тайраңдай берсең болады,
Сағына келген тосырқай қоймас өз жұртың.
12.06.2015
КЕШІР МЕНІ...

Болар деп қиқу жастықтың басы, арты құт,
Иыққа алдым жер ортасынан жарты жүк.
Жолыңда сенің өзімді құрбан етпей-ақ,
Мен ынжық болдым тәуекел етпей тартынып.

Болмайтынындай емендер өскен тамырсыз,
Деп пе едім осы елуге келіп сан ұрғыз.
Өзіңді аңсап қарайлап жүрмін осы күн,
Қадірін білмей өмірдің көшкен дамылсыз.

Қазақпыз құрғыр, көнбіспіз ұяң мінезі,
Ақылға ғана жеңгізген өмір үлесі.
Қиналған сәтте өзіңді аңсап аһ ұрам,
Жастықтың зулап өтерін білген кім осы?

Көңілді сынған кім келіп қайта құрасын,
Жаға алмай жүрсем балауыз бал шақ шырасын.
Қиялда қалған жастықтың алыс аулынан,
Сен арып келе жатқандай болып тұрасың.

Шабытым шалқар жырымды сен деп өсірмек,
Атыңды кім кеп жүректе жатқан өшірмек?
Кешіре алсаң кешіргін бейбақ сен ең деп,
Армансыз күнге қол созған мені есіркеп.
16.06.2015

БАУЫРЛАРҒА

Өлеңнен таспа өремін,
Алар деп халқым керегін.
Төрт күндік мынау жалғанда,
Бәріңді жақсы көремін.

Еңбексіз өрлер төрге кім,
Ақыл мен өлең өрмегім.
Жазғыра көрме, бауырлар
Үшін де жақсы көргенім.

Ей, заман, неткен күрмеулі ең,
Сырыңды келем білмеумен.
Көшеді дүние керуендеп,
Бабадан қалған сүрлеумен.

Қажетке байды татыр деп,
Туысты теппе пақыр деп.
Сыйластық деген жақсы ұғым,
Кісіні жүрсең қадірлеп.

Кім қалар мына жалғанда,
Дүниеге-түлкі алданба.
Байқадық ала көздерді,
Тулаған туыстардан да.

Жамансың демеген жерін,
Дей алам көрегендерің.
Біріңді-бірің қолпаштап,
Қолтықтан демегендерің.

Мылтығын атпай оқтаған,
Аталы сөзге тоқтаған.
Ақылды - дейді жалғанға,
Дүркідеп өтер боқ-заман.

Қызғанса ханның бай тағын,
Сабырлы бол деп айтамын.
Керегі маған, саған да,
Күн сайын құшақ жайғаның.
17.06.2015

САҒЫНЫШ

Дегенде сол бір жаманаттарға көнбелік,
Орныңды сипап сен жүрген жерде сенделіп.
Дәуренмен көшіп оралмайтұғын сәт кетті,
Сағынышымды теңіне байлап өңгеріп.

Теңіне байлап келмейтін күндер ұзады,
Құлақта қалды сазымен назды қыз әні.
Өзімде қалды қолыңның табы Хорланның,
Естайға берген сақинасындай мысалы.

Өтеуге дайын пақырың болсам жазаны,
Көмілген үміт от табын қайта қазады.
Қосыла алмай арманда кеткен күндердің,
Жарасын кім кеп өзіңдей болып жазады?

Нақ өзі бола алмағандықтан мықтының,
Батыстан шықты айналып кетіп құт күнім.
Түндердің түріп түңлігін бізге қол берген.
Тұлғалы еді таулары Ажырықтының

Сүмелек болсам не амал, қалқам, сөкпегін,
Біреулер келіп бөгесе өмір өткелін.
Мен бақыт құша алмасамдағы, өзіңнің
Жаныма демеу бақытты болып кеткенің.

18.06.2015

ТАМДЫНЫҢ ҚЫЗДАРЫ

Арманда кеткен жігіттің қаппай қақпаны,
Айтылмай қалып сендерге жүрек жатты әні.
Арудың көркем Жібегін қапы қалдырған,
Өздерің едің Тамдының қызғалдақтары.

Айдан да ару, Күннен де ерке қылығың,
Тең емес дейді айтыңдар қане мұны кім?
Ананың арын, әкенің жолын қадірлер,
Ақтаудан көркем, бұлақтан таза тұнығым.

Іздесеңдағы табылмас сірә міндері,
Жұлдызды еді сайраңдар ауыл түндері.
Ақ шағылдарда іздерің сайрап жататын,
Қоянсүйекті паналап жаздың күндері.

Жастықпен шіркін демеппіз кейде соны құт,
Ләйліні аңсар Мәжнүндей болып жолығып.
Кештерден кештеу оралар едік аялдап,
Ортақұдықтың бурабайына шомылып.

Насихат деме, тағыда мұны үгіт де,
Сүйене қалсаң аруын аңсап үмітке.
Арманы болмас жалғанда мынау дүбірлі,
Тамдының ару қыздарын құшқан жігітте.

Сезімді жүрген ізеттілікпен ақ қар қып,
Билерің нәзік, әндерің көркем жаттарлық.
Нәфисалар мен Бағилалардай өнерлі,
Саф алтындарым тағы да бар-ды мақтарлық.

Өскендіктерің Тамдыда туып болды артық,
Бастысы ана дейтұғын құтты жолды артып.
Ботакөздерім, сендердей көркем қыз қайда,
Тіл жетпей жатыр ақында арнау толғарлық.

Әндері болса Шәмшінің сазды қаруы,
Тегін бе оның Тамдыға іздеп баруы.
Алдыңа келіп Ай құлап жатыр тән алып,
Менен де көркем екен деп Тамды аруы.

26.06.2015

В этой теме ответов еще нет. Ваш ответ будет первым.




Сіздің жауабыңыз
Есіміңіз:
Сіздің e-mail:
Мәтін:
Кескіндегі код:

Кодты жаңарту
 




© 2002—2017   | info@kazakh.ru   | Блог  | О проекте  | Реклама на сайте | Вакансии 
Группа Вконтакте Страница в Фейсбуке Микроблог в Твиттере Сообщество на Мейл.ру Канал пользователя kazakhru - YouTube
Создатель сайта —
интернет-траблшутер Марат Ижанов